ALATAU CITY KAZBUILD 2026 КӨРМЕСІНДЕ AI-NATIVE ҚАЛА ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ТАНЫСТЫРДЫ
ALATAU CITY АРНАЙЫ БАСҚАРУ ҰЙЫМЫНЫҢ «ALATAU CITY AUTHORITY» ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӨНІНДЕГІ БАС ДИРЕКТОРЫ БАЯН ҚОҢЫРБАЕВ АЛМАТЫДА KAZBUILD КӨРМЕСІНІҢ 32-ШІ ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ИНТЕРЬЕР КӨРМЕСІ АЯСЫНДА ӨТКЕН KAZBUILD URBAN FUTURE FORUM 2026 ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ.

«Орталық Азиядағы болашақ қалалар: SmartCity, тұрақты құрылыс және жаңа қалалық орта» тақырыбындағы панельдік сессия барысында Баян Қоңырбаев Alatau City-дің жаңа буын қаласын құруға бағытталған тәсілін таныстырды. Бұл модельде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қаланы басқару жүйесіне, инфрақұрылымына және экономикасына бастапқы кезеңнен-ақ интеграцияланады.
Баяндаманың негізгі тақырыптарының бірі AI-native city тұжырымдамасы болды. Цифрлық шешімдер қолданыстағы қалалық инфрақұрылымға кейіннен енгізілетін дәстүрлі Smart City моделінен айырмашылығы, Alatau City-де цифрлық архитектура қаланың дамуымен қатар қалыптасады. Мұндай тәсілде жасанды интеллект деректерді талдау, болжам жасау және басқарушылық шешімдер қабылдау құралына айналады.
«Біз Alatau City-ді жасанды интеллект мүмкіндіктерін бастапқы кезеңнен ескере отырып құрылатын қала ретінде қарастырамыз. Әңгіме жекелеген цифрлық сервистер жиынтығы туралы емес, инфрақұрылымды, деректерді, қалалық қызметтер мен экономиканы біріктіретін бірыңғай жүйе туралы болып отыр. Мұндай тәсіл деректер негізінде шешімдер қабылдауға, қаланың қажеттіліктерін болжауға және тұрғындар мен бизнес үшін барынша дербестендірілген сервистер құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Баян Қоңырбаев.
Alatau City цифрлық моделінің негізінде физикалық инфрақұрылымды, IoT деректерін, қаланың цифрлық егізін және цифрлық экономиканы байланыстыратын бірыңғай контур құру көзделген. Мұндай тәсіл қалалық инфрақұрылымнан келіп түсетін деректерді процестерді модельдеу және қалалық сервистерді одан әрі дамыту үшін пайдалануға мүмкіндік береді.
Баяндамасы барысында Баян Қоңырбаев цифрлық экономиканы дамытуға және нақты активтерді токенизациялауға назар аударды. Alatau City цифрлық құралдарды, соның ішінде жылжымайтын мүлік, логистика және зияткерлік меншік салаларында қолдануға болатын орта қалыптастыру мүмкіндігін қарастырып отыр. Болашақта бұл инвесторлар үшін кедергілерді азайтуға және жаңа қаржы құралдарын дамытуға ықпал етуі тиіс. Ол Alatau City-де цифрландыру қосалқы функция ретінде емес, заманауи инфрақұрылыммен, инвестициялармен және адами капиталмен қатар қаланы дамытудың негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Бұл ретте технологиялар тұрғындар мен бизнес алдында тұрған нақты міндеттерді шешіп, қалалық ортаны басқарудың тиімділігін арттыруы тиіс.
Alatau City Қазақстанның стратегиялық ұлттық жобасы ретінде дамып келеді. Мастер-жоспар тұжырымдамасына сәйкес, қала төрт функционалдық ауданнан тұрады: Green District, Growing District, Golden District және Gate District. Жалпы аумағы 880 шаршы км құрайды. 2050 жылға қарай қала халқының саны 1,8 млн адамға жетеді деп болжануда, бұл ретте 1 млн-нан астам жұмыс орнын құру мүмкіндігі қарастырылған.
KAZBUILD URBAN FUTURE FORUM қатысушылары сондай-ақ Smart City-ді дамыту, тұрақты құрылыс, жаңа архитектуралық стандарттар, BIM, параметрлік жобалау және қалалық ортаны жобалау мен дамытуда жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады. Іс-шараға 27 елден 350-ден астам компания қатысуда. Іскерлік бағдарламаға мемлекеттік органдардың өкілдері, құрылыс саласының мамандары, девелоперлер, сәулетшілер, жобалаушылар және халықаралық сарапшылар қатысады.
Көрмелер Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, сондай-ақ қатысушы елдердің сауда өкілдіктері мен дипломатиялық миссияларының ресми қолдауымен өтуде.
Іс-шараны қазақстандық көрме компаниясы Iteca халықаралық серіктесі — ICA Events компаниялар тобымен бірлесіп ұйымдастырады.
